1978 жылғы Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының МСАЖ (медициналық-санитарлық алғашқы жәрдем) бойынша Алматы конференциясы

Әйгілі Алматы конференциясының тарихы 1976 жылғы Дүние жүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының (ДДҰ) сессиясынан бастау алады. Сессияның Атқару Комитеті МСАЖ бойынша халықаралық конференцияны 1978 жылы, қыркүйек айында КСРО-да өткізу туралы ұсыныс қабылдады. Осыдан кейін 1976 жылдың маусым айында Мәскеу қаласында өткен Одақ республикаларының денсаулық сақтау министрлерінің мәжілісінде конференцияны өткізуге ең қолайлы орын Ташкент қаласы деп танылған еді. Бірақ, осы сәтте ҚазКСР Денсаулық сақтау Министрі Төрегелді Шарманұлының танытқан зор ынта-жігерінің арқасында Қазақстан басшылығы конференцияны Алматы қаласында өткізу жайында ұсыныс жасайды. Бұл ұсыныс қабылданып, Ташкент, Тбилиси, Новосібір қалаларымен қатар Алматы да үміткер қалалардың қатарына кіреді.

Аталған қалалардың арасынан лайықтысын іріктеу үшін ДДҰ арнайы халықаралық Комиссияны құрады. Комиссия Алматыда конференция өткiзiлетiн Ленин, қазiргi Республика сарайының ғимаратын, Ұлттық кiтапхананың залдарын, т.б. аралап көредi. Комиссия мүшелері әсіресе, нысандардың тазалығына тәнті болады, сондай-ақ, мұнда комиссияның әр минуті нақты жоспарланып, дәл уақытында, орынды өткізіледі, өнер жұлдыздарының концерті көрсетіледі, оларды бұл көріністер таң қалдырып, Қазақстан, Алматы туралы аса оңтайлы көзқараспен қайтады. Осылайша, Комиссия жұмысының үшінші күнінде-ақ Мәскеуден қоңырау шалып, Комиссия Төрағасы Конференцияны Алматыда өткiзу жөнiнде шешiм қабылданғанын жеткiзеді. ХХІ ғасырдың заманауи медицинасының басты бағдарын анықтаған медициналық-санитарлық алғашқы жәрдем жөнiндегi конференцияны өткiзу құқығына Алматы осылайша ие болады.

Осыдан бастап Қазақстан денсаулық сақтау саласының Министрі Төрегелді Шарманұлы бастаған медицина саласының майталмандарының тер төгіп, орасан зор ұйымдастырушылық, дайындық шаралары мен ұйқысыз өткен тәуліктері басталады. Ленин сарайы арнайы қайта жабдықталады, тарихи мекенжайда медицина және денсаулық сақтаудың әсем мұражайы ашылды. Конференцияның ашылуына қарай, республика сарайының жанында орналасқан 25 қабатты атақты «Қазақстан» қонақ үйінің құрылысы аяқталады, қала көптеген мәдени орындардың ашылуымен көркейіп, жаңарып, көшелері тамаша қалыпқа келтіріледі. Әсем қала Алматының көркі одан сайын арта түседі.

Бұл жиында 146 елдiң денсаулық сақтау өкiлдерiнiң бас қосуымен қатар оған мемлекет, үкiмет басшылары, депутаттар, губернаторлар қатысты. Олардың қатарында халықаралық саяси қырғи-қабақ жағдайға қарамастан, қатысуы әлемдік үлкен оқиға болған, АҚШ-тың сенаторы Эдуард Кеннеди, Иран шахизадасы Ашраф Пэхлеви бар едi. Қонақтарды Алматының әуежайында қазақтың ұлттық киімдерін киіп, гүл шоқтарын ұстаған жауқазындай қазақ қыздарының қарсы алуы рәсімнің сәнін келтіріп, қонақтардың есінде мәңгі қалған еді.

1978 жылы 6-қыркүйегінде, таңертеңгі сағат 10-да жасыл желек жамылған әсем Алматы қаласының Ленин (қазіргі Республика) сарайында Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының медициналық-санитарлық алғашқы жәрдем бойынша Алматы конференциясы салтанатты түрде ашық деп жарияланады.

Конференцияның мәжілістері ерекше түрде – Алматының ірі залдарымен қатар, көршілес Өзбекістан, Қырғызстанмен елдерімен бірге миллиондаған шаршы километрге созылған аумақта делегаттардың медициналық нысандарды аралауымен, сол жерлердегі медицина қызметкерлерімен тікелей сұхбат құрумен өткізілді. Бұл үшін арнайы таңбаланған жаңа микроавтобустар үздіксіз қызмет етті. Конференцияға қатысушы қауымның барлығы конференцияның ұйымдастыру дәрежесінің аса биік деңгейде өткендігіне тәнті болды. Осы жайындағы ақпарат, сондай-ақ, Алматының, Қазақстанның аты осы бірнеше күнде әлемнің баспасөз беттерін, теледидарды шарлап кетті.

Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының медициналық-санитарлық алғашқы жәрдем бойынша 1978 жылғы Алматы конференциясы жиырмасыншы ғасырда әлемді дүр сілкіндіріп, адамның денсаулық сақтау құқығы Дүние жүзі мемлекеттеріне тарихта тұңғыш рет мойындалды. Конференцияда денсаулық сақтаудың Ұлы Хартиясы атанған «Алматы Декларациясы» қабылданды. Осы Декларацияға сай МСАЖ – денсаулық сақтау саласында жалпыға бірдей қолжетімдікті қамтамасыз етудің, тұрақты нәтижелерге жетудің ең қолайлы тәсілі және медициналық-санитарлық жәрдеммен қамтамасыз етудегі әділеттілік кепілі екендігі жария етілді
Декларацияның іске асырылуына сай әлемде денсаулық көрсеткіштері теңдессіз жақсарды, өмір сүру ұзақтығы ұлғайды, ана мен бала өлімі және қауiптi дерттерден болатын өлiм-жiтiм көрсеткiштерi азайды. Бұл – Алматыда халықаралық қауымдастықпен ұсынылған медициналық-санитарлық алғашқы жәрдем әдiстерiнiң арқасында ана мен бала денсаулығын қорғау, ауруларды бақылау мен алдын-алу бағдарламаларының жетiлдiрiлуiмен, сонымен бiрге, тамақтануды жақсарту мен таза ауыз суына қол жеткiзуiмен және де санитарлық жағдайлардың түзелуiнiң нәтижесi екендігі айқын.

2018 жылы ҚР Денсаулық сақтау Министрлігі Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем бойынша Алматы Декларациясының қабылдануына 40 жыл толуына байланысты елімізде Жаһандық конференцияны өткізу жөнінде ынта білдірді. Осылайша, ХХ ғасырдағы денсаулық сақтау саласының әйгілі оқиғасы – ДДҰ МСАЖ бойынша халықаралық әйгілі Алматы конференциясы жаңа дәуірде өзінің Отанында жалғасын тапты.

2018 жылдың 25-26 қазанында тәуелсіз Қазақстан елінің Елордасы - Нұр-Сұлтан қаласында (сол кезде Астана қ.) Алматы декларациясының 40 жылдығына арналған «Алматыдан басталған денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамтуға және тұрақты даму мақсаттарына» тақырыбымен Жаһандық конференция өткізіліп, медициналық-санитарлық алғашқы көмекті өркендеген бүгін мен болашаққа сай дамытуға бағдарланған Астана декларациясы қабылданды.

Осылайша, Қазақстанның денсаулық сақтау саласын он екі жылға жуық уақыт бойы үздіксіз басқарған майталман басшы, білікті дәрігер, ерен ғалым, академик Төрегелді Шарманұлы 1978 жылы өзінің пәтерінен қадам басқан Алматы Декларациясының 40 жылдығын атап өту жиынында құрметті қонақ болып, жаңа дәуірде Алматы Декларациясының заманауи заңды жалғасын тауып, Астана Декларациясына ұласуының куәсі болды. Бұл – жер бетінде әркімге бұйыра бермейтін жақсылық оқиғасының нышаны десек артық болмас.
Made on
Tilda