Мен бүгін әкем Төрегелді Шарманов туралы қалам тартқым келеді.

Ол бүгінде сексен жеті жаста. Әкемді «тағдырдың еркесі» дегенім жөн болар. Өйткені оның өмірге құштарлығы шексіз. Отбасында жалғыз бала болып өскендіктен бе (қазақтарда сирек кездесетін жайт) ол ата-анасының ғана емес, барлық туыстарының және ауылдастарының сүйіспешілігіне бөленді. Жерлестері оның қасиетті Ұлытаудың даңқын шығаратындығына жастайынан үміт артып, болашағына сенді.

Ұлытау – кең-байтақ қазақ даласындағы табиғаты сұлу, шежірелі әрі киелі мекен. Күллі қазақ жұртын бір тудың астына біріктірген Ұлытау баурайында Тоқтамыс, Едіге сынды батырлар жауға шабар алдында күш-қуат жинап, сәйгүліктерін жаратқан.

Ал 1930 жылдары осы қасиетті мекен шалғайдағы ауылдың кейпін кешті. Сол кездің өзінде Шарман атам әкеме скрипка, сырнай әперіп, спортпен айналысуы үшін турник жасап берген екен. Ауылдағылар үшін бұл керемет көрініс болғаны анық. Бірде сыныптастарының ауылдағы сүреңсіз өмірін қызықты етпек болған әкем сол әрекеті үшін «бұзақы» деп танылып, мектептен қуыла жаздаған көрінеді.

Оның жас шағы мен өмірінің басқа да кезеңдері туралы менің досым Мұхтар Құл-Мұхаммед өзінің «Азамат» деп аталатын эпикалық естелігінде асқан шабытпен, көркем сөзбен жазды.

Кейіннен, Қарағанды мединститутының студенті болған кезінде оның ұйымдастырушылық және топ жарған үздік дарыны ашылып, жоғары оқу орнының комсомол ұйымының жетекшісі етіп тағайындалады. Осында жүріп менің анама ғашық болады. Оқуды бітіргеннен кейін екеуі қол ұстасып, ауылдастарының денсаулығына қамқорлық жасау үшін бензовозға мініп, туған елі – Ұлытауға бет алады. Медициналық көмек көрсетумен қатар олар жерлестерін гигиена ережелерін сақтауға, дұрыс тамақтануға, жаңа туған сәбилерге күтім көрсетуге үйретті. Алғаш рет ауылда монша салып, үйлерге электр қуатын жүргізді. Бұл дегеніміз – қиыншылық жағдайға қарамастан жасалған, нағыз алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем болатын. Кейіннен осы үлгі «әлемдік денсаулық сақтаудың Меккесі» атанған Алматы қаласында өткізілген тарихи конференцияда қабылданған атақты Алматы декларациясының негізін құрады.

Сол жылдары әкем көптеген аурулардың себебін жеткіліксіз және дұрыс тамақтанбаудан іздеді және тағамтану ғылымына қызығушылық танытты. Бұл оның өмірлік ғылыми ісіне айналды.

1969 жылы ол Ақтөбе мединститутының ректоры болып тағайындалады. Небәрі 2 жыл ішінде ауылдан келген студент жастардың санын үш есе көбейтеді. Бүгінде олардың ішінен белгілі дәрігерлер, хирургтер, ғалымдар мен денсаулық сақтау ұйымдастырушылары шыққан.

Қонаев облыс басшысынан Шарманов туралы сұраған кезде, ол әкемді «беделді, өршіл, дарынды және қайратты басшы, бірақ, нағыз ұлтшылдың өзі» деп сипаттаған екен. Сонда Қонаев: «Бізге керегі де сол» – деп әкемді денсаулық сақтау министрі етіп тағайындайды. Бұл қызметті ол 12 жыл атқарып, әрдайым елінің патриоты болуымен қатар әлемдік денсаулық сақтаудың озық тұлғаларының бірі ретінде танылды.

Ол кабинеттің қабырғасынан шықпайтын министр емес еді. Жуырдан мен одан: «Қазақстанның барлық аудандарын (сол кезде 200 ден астам) аралап үлгердіңіз бе?» – деп сұрағанымда, олардың әрқайсысына екі реттен, тіпті кейбіріне одан да көп барғандығын айтты. Бұл кезең еліміздегі денсаулық сақтау саласының өрлеу шағы болды. Еліміздің материалдық-техникалық қоры еселеп ұлғайды. Денсаулық сақтаудың инфрақұрылымы мен мамандар әлеуеті тез дамыды. Медицина мамандарын халық құрметтеді. Олар құлшыныспен еңбек етті. Соның нәтижесінде сол кезеңдегі көрсеткіштер бойынша қазақстандықтардың денсаулығы биік деңгейде болғандығына тарих куә.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем бойынша халықаралық конференцияны Алматыда өткізуге ұйғарған кезде осының барлығына назар аударған еді.

Конференцияның ашылуы 1978 жылдың 6 қыркүйегіне –анамның туған күніне сәйкес келді. Әсем Алматы конференцияны күзгі гүлдеріне оранып, сары алтыннан жапырақ жамылып қарсы алды. Қазақстанға әлемнің 150-ден астам елінен денсаулық сақтау министрлері деңгейіндегі делегаттар келді. Олардың ішінде Иран ханшайымы мен америкалық сенатор Кеннеди болды, сондай-ақ, көптеген алматылықтар қара нәсілді адамдарды өмірінде алғаш рет көрді.

Бұл жемісті, зерделі, шығармашыл жұмыс аптасы болды. Әлемде алғаш рет адамның денсаулыққа негізгі құқығын жария еткен Алматы декларациясы осы еңбектің шырқау шегіне айналды.

Осы кезеңде әлем халқы Қазақстанды алғаш танып, білген еді. Содан бері 40 жылдай уақыт өтсе де Қазақстандағы ешқандай оқиға Алматы декларациясының идеясы мен философиясы секілді әлемдегі барша халықтардың санасын жаулап алмағаны айқын. Ол Бразилия Конституциясының бөлігіне айналды. Ал көптеген елдер оны өздерінің мемлекеттік денсаулық сақтау саясатының негізі етіп алды.

Осыдан кейін әкем өмірінің «тар жол, тайғақ кешу» кезеңін басынан кешірді. Бірақ, әділ уақыт қазысы оған жаппай құрмет пен адал абыройын қайтарды. Алайда ол қызғанышқа берілген жандарға бола көкірегінде кек сақтамады, бұрынғы беделін місе тұтып, қол қусырмады. Қиындығы мол болған 90-жылдарда беделіне сай Қазақстанға көптеген халықаралық жобаларды тартты. Солар арқылы жеткіліксіз тамақтанатын әйелдерге қан аздықтың алдын алуға, ал йод тапшылығына шалдыққан балаларға йодты жеткілікті мөлшерде алып, ақыл-ой дамуының тежелмеуіне көмектесті.

Кейінірек ол қатерлі ісіктің, диабет пен жүрек ауруларының себебін кең таралған, ұзақ сақталатын өнімдерде болатын транс-майлардан іздеді. Мұны әлемдік ғылым растауда.

Созылмалы аурулардың алдын алу үшін құрамында транс-майлар болмайтын өнімдерді әзірлеп, олардың өндірісін ұйымдастырды. Бие сүтінен шоколад әзірлеуді қолға алды. Бұл – табиғи жолмен таза дайындалған ұлттық өнім. Сонысына қарай ол технологияны күнделікті мұқият меңгеруді және стандарттарды қадағалуды талап ететін өте күрделі өндіріс. Әкем осы мақсатта Швейцариядағы әйгілі Cailler шоколад фабрикасына арнайы барып, өндірістің температуралық, тағы басқа да шарттарын нақтылап, біліп қайтты.

Өзінің 87 жасында әкем күнделікті таңғы сағат 6-да тұрады. Салауатты және қауіпсіз тағам өнімдерін әзірлеуді және жетілдіруді, сондай-ақ, олардың дәмдік қасиеті жағынан ересектермен қатар балалардың да көңілінен шығуын ойластырады. Шикізат пен өнімді тарату нарығында жас кәсіпкерлерден кем түспейді.

Ізгілікті мінезі мен жарқын жаратылысына сай әкем жақындары мен достарының табыстарына балаша қуанады, сәтсіздіктеріне шексіз мұңаяды. Сырқаттармен күресуге көмектеседі. Алайда опасыздыққа жолыққанда терең күйінетін кездері де болады.

Ол Жаратқанның тарту еткен сыйы – денсаулығы мен рухани аман-саулығын бағалай біледі. Өмірінің әрбір минутының мәнді болуы үшін күреседі. Бұл кейде қиынға түсетіні рас.

Бірде ол Аргентинадан ұшып келді, мен оны түнгі сағат 3-те әуежайда қарсы алдым. Үйге келісімен ол Буэнос-Айресте жазып әкелген «Аргентино» тангосы бар бейнетаспаны қоюымды өтінді. «Әшейін, танго ғой» – дедім мен. Сол кезде ол: «Аяқ алысын, сымбатын көрмейсің бе!» – дегені бар еді.

Алмас Шарман

19.10.2017ж

Made on
Tilda